Инклюзивті білім беру – тең мүмкіндік кепілі

Астана қаласындағы №9 «Нұршашу» балабақшасында «Инклюзия – балабақша мәдениеті: бәріне бақыт әкелетін тең мүмкіндіктер» тақырыбында мазмұнды әдістемелік іс-шара өтті. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мамандардың басын қосқан бұл кездесу инклюзивті білім берудің маңызын кеңінен талқылауға, тәжірибе алмасуға және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды. Семинарға Алматы және Сарайшық аудандары бойынша қамтылған 27 балабақшаның мамандары қатысты. Әдістемелік орталық пен «№7 ПМПК» мекемесінің өкілдері де арнайы келіп іс-тәжірибелерімен бөлісті.Ата-аналар тарапынан “Күншуақ” тобы тәрбиеленушісінің анасы Нұргүл Бахытнұрқызы ерекше баланың анасы ретінде тәрбие жұмыстары қалай жүргізілу керегі жөнінде ақыл-кеңесін көп талқысына ұсынды.

Қазіргі қоғамда әр баланың білім алуға тең мүмкіндігі болуы – басты құндылықтардың бірі. Осы тұрғыда ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру, инклюзивті білім беру үдерісінде жаңа педагогикалық және цифрлық технологияларды тиімді қолдану жолдарын көрсету, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дамыту мен қолдаудың заманауи тәсілдерін тәжірибе арқылы таныстыру болды.

“Нұршашу балабақшасында ерекше балаларға арналған кабинет 2 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Семинар-практикумда осы аралыққа дейінгі атқарған жұмыстарымызды көрсетіп, тәжірибемізбен бөліспекшіміз. Өкінішке қарай салыстырмалы түрде ерекше балалардың қатарын артып келеді. Біздің мақсатымыз олармен дұрыс жұмыс жасау үлгісін қазірден бастап педагогтар мен ата-аналарға үйрету. Сол арқылы ғана балалармен дұрыс жұмыс жасай аламыз. Олардың қауіпсіздігінен бастап, жігерлендіру, көңілін аулайтын түрлі ойындар үлгісін, қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін басты назарымызға ұстап келеміз”-дейді “Нұршашу” балабақшасының меңгерушісі Толқын Кәдірбайқызы.

Іс-шараның ашылуында ұйымдастырушылар қатысушыларды жылы қарсы алып, инклюзивті білім берудің бүгінгі білім беру жүйесіндегі маңызына тоқталды. Олар инклюзия – тек білім беру тәсілі ғана емес, ол балалардың бір-бірін қабылдауына, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген орта қалыптастыратын мәдениет екенін атап өтті. Бағдарлама аясында балабақша ұжымы мен тәрбиеленушілері дайындаған шығармашылық көріністер ұсынылып, шараға ерекше жылылық пен әсерлі көңіл күй сыйлады.

-“Қазіргі таңда инклюзивті білім беру қарқынды дамып келеді. Біздің елде де ерекше көңіл бөлініп, басты жолға қойылды. «№7 ПМПК» мекемесінде 2 мыңна аса ерекше білім беруді қажет ететін бала тіркелген. Өкінішке орай жылда бала саны көбейіп келеді, дегенмен бізді қуантатыны ата-аналардың сондай орталық бар екенін біліп, баланың бойындағы ерекшеліктерін ерте байқап назардан тыс қалдырмайтындары. Баланың дамуындағы түрлі кешеуілдіктерді ерте жастан байқаса, оны түзетуге мүмкіндік көбірек туады. Бүгінгі семинардың да өткізуілуі біз үшін қуантарлық жайт, тек пеадгогтар ғана емес ата-аналарды ат салысып жатқаны, ой-пікірлерін жеткізуі қоғам үшін маңызды. Осылай жұмыла кіріссек қана баланың дамуына өзгерістер жасай аламыз”-дейді ПМПК басшысы Ақбота Жамбылбекқызы. Күн тәртібінде инклюзивті білім беру мәселесіне арналған бірнеше мазмұнды баяндамалар мен тәжірибелік жұмыстар өтті. Педагогтер «Инклюзия – балаларды әлеуметтендірудің тиімді жолы» тақырыбында пікір алмасып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеудің тиімді тәсілдері туралы ой бөлісті. Сонымен қатар инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері, педагог-ассистенттердің рөлі, балабақшадағы қолдау қызметінің ерекшеліктері жайында маңызды ақпараттар ұсынылды.

Шебер-сыныптар барысында тәжірибелі мамандар сенсорлық қабылдауды дамыту, балалардың сөйлеу және логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру, ойын арқылы оқыту әдістерін қолдану жолдарын көрсетті. Мұндай тәжірибелік жұмыстар педагогтерге нақты әдістемелік құралдар мен тиімді тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік берді. “Астана қаласында мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істейтін 100 балабақша бар. Оның 33-інде инклюзивті балаларды қолдау кабинеттері жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 23 балабақшада арнайы топтар құрылған, ал 70 балабақшада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар инклюзивті ортада қолдау табуда. Бүгін өтіп жатқан семинар-практикум жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда. Семинарға мектепке дейінгі ұйымдардың логопед, дефектолог, педагог-ассистент сияқты арнайы мамандары қатысуда.

№92 бұйрық негізінде психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта педагог-ассистенттер ерекше балалармен жұмыс істеудің түрлі әдістерін қолдана отырып, олардың дамуына үлкен үлес қосып келеді.Бүгінгі семинар-практикум баланы дамытудың бес бағыты бойынша өткізілуде. Әр педагог өз бағыты аясында үздік жұмыс үлгілерін көрсетуде. Семинардың маңыздылығы да осыдан көрінеді.Қатысушылардың семинардан алатын тәжірибелері көп десек қателеспеймін”-дейді әдістемелік орталықтың арнайы және инклюзитивті білім беру мамандарымен тікелей жұмыс жасайтын әдіскері Айжан Қуанышбекқызы. Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – тәжірибелік сабақтар мен ашық жұмыстар болды. Педагогтер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізудің нақты үлгілерін көрсетіп, баланың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып білім беру ортасын ұйымдастыру жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар ата-анамен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығында ерекше көрсете алды.

Жиын барысында педагогтер өзара пікір алмасып, инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жаңа идеяларды талқылады. Мұндай семинарлар мамандарға кәсіби тұрғыдан дамуға ғана емес, өз жұмысына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіні байқалды. Іс-шара соңында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіре отырып балабақша ұжымына ерекше алғыстарын айтты. Педагогтер инклюзивті білім беру жүйесін дамыту үшін мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының маңызы зор екенін атап өтті. Бүгінде инклюзивті білім беру – қоғамның ізгілік қағидаттарын нығайтатын маңызды бағыттардың бірі. Әр баланың қабілеті мен мүмкіндігі әртүрлі болғанымен, олардың бәріне бірдей білім алуға мүмкіндік беру – педагогтердің басты міндеті. «Нұршашу» балабақшасында өткен бұл мазмұнды шара инклюзивті білім беруді дамыту жолында жасалған маңызды қадамдардың бірі болды.Осындай бастамалар мектепке дейінгі ұйымдарда тең мүмкіндікке негізделген орта қалыптастыруға және әр баланың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге ықпал ететіні сөзсіз.

  • 01
  • 02
  • 03

Көз қайнар: https://bilimainasy.kz/2026-04-27-010/